Ұлылықтың ұйытқысынан жаралған,
Өнегеңнен барлық шәкірт нәр алған.
Шапағаты шуақ сепкен ұстаздар,
Өздеріңнен бастау алар бар арман. .

Ұстаз….Қандай қасиетті сөз. Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде алаулаған жеткіншектер де, парасатты қоғам қайраткерлері де бір адамға қарыздар. Ол – Ұстаз!

Ұстаз да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады.Ұстаз бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.

️Міне, осындай ұлы жандарға құрмет көрсету мақсатында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен “Қазақстандық оқу – ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігінің қолдауымен білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан ардагер ұстаздарға Қазақстан Республикасының оқу ағарту министрі Ғани Бейсенбаевтың АЛҒЫС ХАТЫН табыстау үшін Түркістан қаласы білім бөліміне қарасты Хамза атындағы N2 жалпы білім беретін мектебінде «АРДАГЕР ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ» тақырыбында іс шара ұйымдастырылды.

Іс-шараға Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрайымы Турманова Диана Абайқызы және мектеп әкімшілігі, ұлағатты ұстаздар қатысты.

Тіршіліктің тынысын, уақыттың жүрісін сезіндіретін, білім әлемінің сырын білетін, өзінің алдынан өтіп жатқан шәкірттерінің жырын жүрекке түйген тағылым иелері: Хусан Убайдуллаев, Абдрахманова Минавар Закировна, Аманкулова Гулчехра Парменкуловна, Бабажанова Курбан Паччахановнаға алғыс хат табысталды.

Осындай ардагер ұстаздарымыздың еңбек жолы көпке үлгі –өнеге. Ұстаздық тәжірибесінде мыңдаған шәкірттерді білім баспалдағымен шыңға өрлеткен парасатты ұстаздарымыз ризашылықтарын білдіріп, ізгі тілектерін жеткізді.

Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Өйткені, ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету.
ҚҰРМЕТТІ АРДАГЕР ҰСТАЗДАР!
Баршаларыңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілейміз.Білім беру ісіне қосқан үлестеріңіз еселене берсін!!